05/09/2025
Қазақстанда Әуе қорғанысы күштерінің автоматтандырылған басқару жүйесі алғаш рет сынақтан өтті
Қарағанды облысындағы «Сарышаған» полигонында Әуе қорғанысы күштерін цифрландырудың маңызды кезеңіне айналған «Жауынгерлік достастық-2025» тактикалық оқу-жаттығуының белсенді фазасы өтті.
Алғаш рет автоматтандырылған басқару жүйесі қолданылып, ол жауынгерлік жағдайға барынша жақын ортада өзінің тиімділігін көрсетті.
Оқу-жаттығуды Қорғаныс министрінің орынбасары – Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы генерал-майор Қайрат Садықов және Қорғаныс министрінің цифрландыру жөніндегі орынбасары Дархан Ахмедиев бақылады.
Маневрлерге әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімшелері және шартты қарсылас рөлін атқарған Әуе күштерінің майдандық авиация экипаждары қатысты.
Әуе нысандары анықталған сәтте әуе қорғанысы есептоптары жаппай соққыларға тойтарыс беру үшін хабарлау және соққы беру құралдарын қолдану әрекеттерін пысықтады.
«Тактикалық оқу-жаттығу Әуе қорғанысы күштерінің дамуы үшін маңызды кезең болды. Біз алғаш рет автоматтандырылған басқару жүйесін енгіздік, нәтижелері күткеннен жоғары шықты. Цифрлық шешімдер ақпарат алмасу жылдамдығын арттырып, бөлімшелердің үйлесімділігін күшейтті. Бұл әскерді басқару жүйесін жетілдіруге жол ашады», – деді әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскері маманы Әділ Сүбебаев.
Оқу-жаттығу барысында цифрлық шешімдерді жауынгерлік тәжірибеге енгізу бөлімшелердің жауынгерлік қабілетін арттыруға және ел әуе кеңістігінің қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік беретіні дәлелденді.