04/08/2025
СҮЙІНШІ АҒАЙЫН !
"Ұлттық жады қабырғасы" – әлемдік деңгейдегі рекорд!
Амангелді ауданында халықаралық тарихи оқиға өтпек
2025 жылғы 5 тамыз күні Қостанай облысы, Амангелді ауданындағы «Тәж Торғай» туристік кешенінде ел тарихында айрықша орын алатын маңызды оқиға – "Ұлттық жады қабырғасының" ресми ашылу салтанаты өтеді. Бұл нысан "Global Book of Records" әлемдік рекордтар кітабына енеді деп күтілуде.
Аталған ірі жобаны жүзеге асыруға белгілі меценат, қоғам қайраткері Сапар Ысқақов тікелей мұрындық болып отыр. Ел руханияты мен тарихына жанашыр азаматтың бастамасымен ұйымдастырылған бұл бастама – Тәуелсіз Қазақстанның жады мен жадын жаңғыртатын ерекше мәдени жоба.
Ұлттық жады қабырғасы – тек сәулеттік нысан емес, бұл халықтың өткені мен болашағының арасын жалғайтын рухани көпір іспеттес. Қабырғада қазақ тарихының, азаттық жолындағы күрестердің, ұлт тұлғалары мен елге еңбегі сіңген қайраткерлердің есімдері мен оқиғалары бейнеленбек. Бұл жоба — ел жадын жаңғыртуға, ұлт санасын тәрбиелеуге бағытталған үлкен мәдени қадам.
Салтанатты шара аясында республикалық және халықаралық деңгейдегі қонақтар қатысып, арнайы мәдени-рухани бағдарлама ұсынылады. Сонымен қатар, этноауылдар, ұлттық өнер көрмелері мен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, халықтың рухын көтеретін ерекше күнге айналмақ.
Аталған бастама Қостанай облысының ғана емес, бүкіл еліміздің рухани дамуына қосылған зор үлес ретінде бағалануда. Бұл – Амангелді ауданының халықаралық деңгейге көтеріліп, мәдени туризмнің жаңа тынысын ашып отырғанын көрсететін жарқын дәлел.