02/21/2025
21 ақпан күні Қазақтың көрнекті қаламгері, жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Еңбек Ері Дулат Исабеков 83 жасында қайтыс болды.
Қаралы хабарды Қазақстан Жазушылар одағына қаламгердің ұлы Естияр Дулатұлы жеткізген. Бұл туралы Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, ақын Қасымхан Бегманов әлеуметтік желіде хабарлады.
Дулат Исабеков 1942 жылы 20 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан (қазіргі – Түркістан) облысының Арыс ауданында туған.
Ол 1966 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітірген. 1967-1968 жылдары Қазақстан Республикасы Телевизия және радио хабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитетте аға редактор, 1968-1970 жылдары Қазақ Совет энциклопедиясы бас редакциясында аға ғылыми редактор, 1971-1976 жылдары «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, 1976-80 жылдары «Жалын» баспасында редакция меңгерушісі. 1980-1988 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет министр репертуарлық-редакциялық коллегияның бас редакторы, 1987-1997 жылдары Қазақ теледидарының бас редакторы, «Жазушы» баспасының директоры, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, 1997 жылы Мәдениеттану ғылым зерттеу институтының директоры болып қызмет істеді.
Дулат Исабековтің қаламынан туған әңгімелер мен пьесалар, повестер мен роман «Бекет» (1966), «Ащы бал» (1969), «Мазасыз күндер» (1970), «Қара шаңырақ» (1973), «Тіршілік» (1975), «Қарғын» (1980), «Екі жиырма» (1983), «Жеті желкен» (1987) деген атаулармен кітап болып жарық көрді. Оның жекелеген шығармалары бойынша «Гауһар тас» (режиссер Ш.Бейсембаев, 1975), «Дермене» (режиссер Асанәлі Әшімов, 1986) көркем фильмдері түсірілді. «Тор» пьесасы Ресей театрларында қойылды. «Мұрагерлер» пьесасы үшін Қазақстан Жазушылар одағының Мұхтар Әуезов атындағы сыйлығы берілді. Бұдан бөлек, ол – Халықаралық ПЕН клубы мен Платиналы «Тарлан» сыйлығы лауреаты атанған.
KazUnite ұжымы қазақ еліне қайғырып көңіл айтады!